СҚО-да былтыр 8 лауазымды тұлға қызметкерлерінің жұмыс уақытын сақтамағаны үшін жазаланды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін 100-ге жуық қызметкердің құқығы қорғалды.

сотрудник офис госслужащий мемлекеттік қызметкер
Фото: Kazinform

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы Ержан Қарымсақовтың айтуынша, ведомство жұмысының бір бағыты - еңбек тәртібінің сақталуын қамтамасыз ету және мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты режимінің сақталуын бақылауда ұстау. Бұл нормалар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы Заңында бекітілген.

Ал 2023 жылғы мамырдан бастап мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізу өкілеттіктер берілді. 

Соған қарамастан әлі күнге мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытын заңсыз асыру фактілері кездеседі.

- Әртүрлі себептерге байланысты артық жұмыс істеуге тура келуі мүмкін, бірақ мемлекеттік қызметшілердің құқығын бұзбай, тиісті актілерді ресімдеп, үстеме жұмыс төленуі тиіс.

Былтыр департамент жұмыс уақыты режимінің сақталуын тексеру үшін 25 мониторинг жүргізді. Тексеріс мемлекеттік органдарға бару арқылы да, жұмыс уақытын есепке алуды бақылау жүйелерінің деректерін пайдалана отырып қашықтықтан да жүргізілді, - дейді департамент басшысы.

Нәтижесінде 86 мемлекеттік қызметшіге өтемақы төленген, оның ішінде 80 қызметшіге демалыс сағаттары берілді, ал 6 қызметкерге тиісті төлемдер жүргізілді.

- Былтыр мемлекеттік қызмет істері департаменті қызметкерлерінің жұмыс уақытының нормасын заңсыз асырғаны үшін мемлекеттік органдардың 8 басшысына қатысты 8 әкімшілік іс толтырды. Олар 2-топтағы мүгедектігі бар мемлекеттік қызметшілерді Еңбек заңнамасында көзделген 36 сағаттан асырып, аптасына 40 сағаттан жұмысқа тартқан, - дейді Ержан Қарымсақов.

Бұған дейін СҚО-да биыл мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге 450-ден астам тәртіптік жаза қолданылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар