СҚО-да былтыр мас жүргізушілердің кінәсінен 6 адам мерт болды
Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылы мас күйінде көлік жүргізген 1164 жүргізуші анықталды, олардың 22-сі екі рет ұсталған, деп хабарлайды Kazinform.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр облыс аумағында мас жүргізушілердің кінәсінен 29 жол-көлік оқиғасы тіркелді, соның салдарынан 6 адам қаза тауып, 36 адам жарақат алды.
«Көлік құралын мас күйде басқару — жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу болып есептеледі. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігінің санкциясы бойынша 15 тәулікке әкімшілік қамауға алуға және 7 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыру жазасы қарастырылған», — дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.
Өткен жылы көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған және мас күйде рульге отырудың 22 фактісі тіркелді.
Бұл — қылмыстық құқық бұзушылық.
Заң бұзушы белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектелуі немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Биыл жаңа жыл мерекесінде СҚО-да мас күйінде көлік басқарған 5 адам ұсталды.