СҚО-да былтыр мемлекеттік қызметшілерге қатысты тұрғындардан 40 шағым түскен
Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметтің сапасына қатысты тұрғындардан түскен арыз-шағымдардың бесеуі бойынша тиісті шара қолданылып, құқықтары қорғалды, деп хабарлайды Kazinform.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, мемлекеттік қызмет алушылардың құқығын қорғау мақсатында 40 өтініш-арыз тексеріліп, құзырлы органдарға сұрау жіберілді. Нәтижесінде олардың бесеуі дәлелденді.
«Петропавл тұрғыны № 1 қалалық емханаға бекітіліп, құқығы қорғалды, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал бір тұрғынға жылжымайтын мүлкін тіркеуге қатысты мемлекеттік қызмет алу барысында заңсыз төленген ақшасы қайтарылды. Қазақстаннан көшіп бара жатқан мемлекеттік қызмет алушының арызы қаралып, құқығы қорғалды», - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы Нұргүл Жанмурзина.
Мамандар Петропавл қалалық әкімдігінде пәтер кезегінде тұрған ер адамның өтінішін қарады. «Жетім бала» санатына жататын тұрғынның кезекке тұрған күні заңсыз өзгертілген. Нәтижесінде ол бірден 67 позицияға алға жылжыды. Мұндай заңсыздыққа жол бергендер тәртіптік жазаға тартылды.
«Тағы бір шағым Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне қатысты болды. Әйел жарты жылға жуық уақыт мемлекеттік тұрғын үй қорына қарайтын пәтерді еш негізсіз жекешелендіре алмаған. Оның да құқығы қорғалып, қолына тұрғын үй комиссиясының пәтерді жекешелендіру туралы шешімі берілді», - дейді Нұргүл Жанмурзина.