СҚО-да биоэтанол өндіретін желі іске қосылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында табиғи таза биоотын - биоэтанол өндіріле бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да биоэтанол өндіретін желі іске қосылды

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов бүгін Тайынша ауданында болып, «Bio Operations» зауытында жаңа желіні іске қосты.

Өңір басшысының баспасөз қызметі мәлім еткендей, 8 жыл жұмыссыз тұрған «Bio Operations» кәсіпорны толық жаңғыртылып, Францияның заманауи қондырғылары орнатылды. Осылайша, зауытты қайта іске қосудың соңғы кезеңі аяқталды.

Биозауытта бұған дейін крахмал және глютен шығаратын екі желі іске қосылған болатын. 450 адам тұрақты жұмысқа алынды. Жалпы инвестиция көлемі 12 млрд теңгені құрайды. Бүгінге дейін компания 500 млн теңгеден астам салық төлеген.

«Биоэтанол – бидайды терең және күрделі өндірістік процестер арқылы өңдеу нәтижесінде алынатын соңғы және негізгі өнім. Ол нарықта үлкен сұранысқа ие.

Биоэтанолды Павлодар мұнай өңдеу зауытына жеткізу туралы келісімшарт жасалды.

Бастапқы кезеңде жылына 20 мың тонна биоэтанол өндірілсе, кейін біртіндеп 36 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарда бар. Осылайша, біз бұл өнімге деген елдің қажеттілігін толығымен жабатын боламыз», - дейді Құмар Ақсақалов.

Зауыттың жылдық өңдеу қуаты 300 мың тоннаны құрайды. Өндіріске жергілікті шикізат қолданылады.

«Бізде жылына 360 мың тонна бидайды өңдейтін «Kaзмил» қоспажем фабрикасы бар. Тағы «Байрек» қоспажем зауытында қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұның барлығы облыстағы астықты қайта өңдеу үлесін 20 % -тен 90 % -ке дейін өсіруге мүмкіндік береді», - деп атап өтті өңір басшысы.