СҚО-да биоэтанол өндірісі қолға алынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Келесі жылы Солтүстік Қазақстан облысында биоэтанол өндіріле бастайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да биоэтанол өндірісі қолға алынады

«Облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары он айдың ішінде 199,8 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 0,7 пайыз өсім көрсетті. Осы аралықта негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 146 млрд теңге болды. Жылдың қорытындысы бойынша 218 млрд теңгеге жетеді деп күтіп отырмыз. Назар аудартуды жөн көріп отырған тағы бір көрсеткіш - экспорт пен импорт. 9 айдың қорытындысында Солтүстік Қазақстанда өндірілетін өнім экспортының өсімі 19,6 пайызды құрап, ал 10 ай бойынша импорт 10,2 пайызға қысқарды»,-  деді Құмар Ақсақалов.

Сонымен қатар, ол өңірде жүзеге асырылған бірқатар ірі жобаларға да тоқталды.

«Қазан айында бидайды терең өңдейтін «БиоОперейшен»  зауыты қайта іске қосылды. Зауыт 8 жыл бойы тұрып қалған болатын. Инвестиция көлемі шамамен 12 млрд теңгені құрады. Бүгінгі күні крахмал мен желімтік өндірісі басталды.  Бұған дейін крахмал мен желімтік негізінен импортталып келген болатын. Енді оны өзіміз өндіреміз және оның бір бөлігін экспортқа шығару жайын қарастырудамыз. Сонымен қатар, аталған зауытты жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі жылдан бастап биоэтанол өндіреміз», - деді облыс басшысы.