СҚО-да «Бір ауыл - бір өнім» жобасына 15 кәсіпкер қатысты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Бір ауыл - бір өнім» жобасының жеңімпаздары анықталды. Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары мамандардың қолдауына ие болып, енді жыл соңында републикалық байқауда бақ сынамақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да «Бір ауыл - бір өнім» жобасына 15 кәсіпкер қатысты

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Бір ауыл - бір өнім» жобасы биыл «Мен кәсіпкер» кәсіпкерлік әлеуетін дамыту» бизнесті қолдау жөніндегі ұлттық жоба аясында басталды. Оның негізгі мақсаты -жергілікті өнімнің сапасын арттыру, жергілікті брендтерді құру, маркетинг және нарықтағы өнімнің құндылығын арттыру.

«Бұл жобаға қатысуға СҚО-дан 15 кәсіпкер өтінім берді. Олар өз өнімдерін 9 шілдеде «Қазақстанның үздік тауары» байқауының өңірлік кезеңімен қатар өткізген «Бір ауыл - бір өнім» көрмесінде ұсынды. Бұдан кейін көрме қорытындысы бойынша байқаудың екінші кезеңіне 10 қатысушы өтті. Өткен аптада олардың жобаларын өңірлік бренд-комитет мүшелері қарап, үш жеңімпазды анықтады», - дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеев.

Енді жобаның үш жеңімпазымен маркетологтар жұмыс істейді. Олардың міндеті - кәсіпкерлердің өнімдерін одан әрі жарнамалау, брендтеу, сертификаттау. Ұйымдастырушылар атап өткендей, бұл оның нарықта танылуын арттырып қана қоймай, оны экспортқа шығаруға мүмкіндік береді.

Бренд-комитет өңірлік палатаның жанынан арнайы құрылды, оның құрамына кәсіпкерлікті дамыту институттарының, мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бизнес субъектілері мен сарапшылар кірді.

Қазылар алқасының назарына кәсіпкер әйелдер өздері шығаратын киім-кешек, бал, ет, сүт өнімдері, табиғи күтім косметикасы, зергерлік бұйымдар, аксессуарлар және т. б. ұсынды.

Нәтижесінде үш жеңімпаз анықталды, олар: бал мен бал өнімдерін - джем, кәмпит, күтім кремдері, бальзамдар мен скрабтар дайындайтын Ярослава Пилипушко, табиғи қолдан жасалған сабындар, косметика шығаратын Лариса Первушина және ешкі сүтінен ірімшік пен йогурт өндіретін Ольга Даншина.

Жыл соңында өңірлік кезеңнің жеңімпаздары «Бір ауыл - бір өнім» жобасының республикалық көрмесіне қатысады.