СҚО-да бір айда 27 адам рульге мас күйде отырған
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер таңертең Петропавл көшелерін патрульдеу кезінде Абай көшесінің бойында «Lada-2170» автокөлігін тексеру үшін тоқтатқан. Рульде облыс орталығының 30 жастағы тұрғыны болған. Сондай-ақ салонда төрт жолаушы отырған. Барлығынан алкогольдің иісі шығып тұрған.
Медициналық куәландыру жүргізушінің спирттік ішімдік ішкенін көрсетті. Осылайша ол өзінің ғана емес, барлық таныстарының өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабы бойынша әкімшілік материал жиналды. Қазіргі уақытта ер адам әкімшілік қамаққа алынды, сондай-ақ 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды.
«19 шілдеде басталған рейд барысында облыста барлығы 27 жүргізуші мас күйде ұсталды. Бұл жолда жүру ережесін өрескел бұзу болып есептеледі. Спирттік ішімдік ішіп рульге отыратын кейбір жүргізушілердің өзіне деген сенімділігі қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Барлық көлік жүргізушілерін жол жүрісі ережесін қатаң сақтауға шақырамыз», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің бөлім бастығы Рустам Садулов.