СҚО-да бір елді мекенде карантиндік шектеулер күшейтілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы бір елді мекенде коронавирустың таралуына байланысты карантиндік шектеулер күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Қызылжар ауданының бас санитар дәрігері Соколовка елді мекенінде карантиндік шектеу шараларын енгізу туралы қаулыға қол қойды.

Қаулыға сәйкес ауыл тұрғындары туған-туыстарына, таныстарына қонаққа бара алмайды, түрлі мерекелік, отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынған.

Жерлеу шарасына 30 адамнан артық жиналуға болмайды, 2 метр ара қашықтық сақталуы міндетті. Сондай-ақ барлық тұрғындарға, соның ішінде жасы 65-тен асқандарға сағат 22.00 мен 06.00 аралығында асқан қажеттіліксіз тұрғылықты жерінен кетпеуге кеңес берілді.

Бұдан басқа Соколовкада мешіт пен шіркеудің, мәдениет нысандарының жұмысы шектеліп, сауда орындарының, шаштараздың жұмыс уақыты сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін бекітілді. Бұл нысандар сенбі-жексенбі жұмыс істемейді.

Аудандық бас санитар дәрігердің қаулысы 15 ақпан сағат 00.00-де күшіне енеді.

Бұған дейін Соколовка орта мектебінің карантинге жабылып, оқушылары қашықтан оқуға көшкенін айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар