СҚО-да бір күнде 250 пиротехникалық өнім тәркіленіп, 6 хаттама толтырылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Акцияның бір күнінде қауіпті өнімді заңсыз сатқан 6 адам анықталып, олардан 250 пиротехникалық өнім тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да бір күнде 250 пиротехникалық өнім тәркіленіп, 6 хаттама толтырылды

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өңірде 25 желтоқсан күні басталып, 3 қаңтарда аяқталмақ. Мақсат – отшашуларды заңсыз сату орындарын анықтап, рұқсат қағазы жоқ сапасыз өнімді айналымнан алу. Осылайша оқыс оқиғалардың алдын алу.

«Петардалар, шартылдақтар және отшашулар – пиротехникалық заттарға бүлдіршіндер мен ересектер арасында қызығушылық жоғары. Алайда көпшілік оның қауіпті екеніне мән бере қоймайды. Жазатайым оқиғалар мен өрт фактілерінің алдын алу мақсатында полицейлер мен құтқарушылар лицензияланбаған пиротехникалық өнімдерді сату орындарына рейдтер өткізіп жатыр», - дейді полицейлер.

Бір күн ішінде заңсыз айналымнан 250 пиротехникалық өнім тәркіленді, 6 хаттама толтырылды.

СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының ақпаратынша, «Пиротехника» іс-шарасына 200-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылып, 60-тан астам рейдтік топ құрылған. Бүгінгі таңда полицейлер 12 құқық бұзушылықты анықтап, 620 данадан астам пиротехникалық бұйымды тәркіледі. Тәртіп сақшылары мен құтқарушылар тұрғындарды сертификаты бар дүкендер мен павильондардан ғана пиротехника өнімін сатып алуға шақырады.

Полицейлер қала мен облыс тұрғындарынан жасөспірімдердің пиротехникалық бұйымдарды өз бетінше пайдалану фактілерін болдырмау мақсатында кәмелетке толмаған балалардың іс-әрекеттерін бақылау қажеттілігіне ерекше назар аударуды сұрайды.

«Бұл заттарды барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, тек ересектерге ғана қолдануға болады»,-дейді тәртіп сақшылары.


Фото: Солтүстiк Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментi