СҚО-да бір отбасының мүшелері иіс тиіп, ауруханаға түсті
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 ақпан күні сағат 04.15-те Есіл аудандық ауруханасына Явленка ауылының тұрғындары – 25 жастағы ер адам, оның 34 жастағы әйелі және бір жастан енді асқан қыздарымен келген. Оларда иіс тиіп, улану белгілері болған.
Қазір зардап шеккендер аудандық ауруханада ем алып жатыр, жағдайы бірқалыпты.
Үй иесінің пеш мұржасын ерте жауып тастағаны анықталды. Салдарынан отбасы мүшелері көмірқышқыл газына уланып қалған.
Ауыл тұрғыны қауіпсіздік шараларын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, енді айыппұл төлемек.
Бірер күн бұрын осыған ұқсас оқиға Уәлиханов ауданында болды. Аудандық ауруханаға улану белгілерімен 33 жастағы әйел және оның 8 жасар баласы түскен. Олар аудан орталығы – Кішкенекөл елді мекенінің тұрғындары. Бірден ауруханаға жатқызылып, тиісті ем-дом жасалды, қазір жағдайлары жақсы.
Мамандар тұрғын үйді тексеру кезінде пештің түтін жолы күлге бітеліп қалғанын анықтады. Содан пеш дұрыс жанбай, улы газ үй ішіне тараған.
Бұл факті бойынша да үй иесіне әкімшілік жаза қолданылды.
Жалпы былтыр СҚО-да 28 адам иіс тиіп, уланса, биыл жыл басынан 17 адам зардап шекті, біреуі қайтыс болды.