СҚО-да бір реттік заңдастырудан 7 мыңнан астам көлік өтпек

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлердің есебінше шетелдік тіркеудегі барлығы 7 мыңнан астам автомобиль бар. Оның 90 % ресейлік нөмірмен жүрген көліктер, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда шетелде тіркелген автомобильдерді заңдастыру Нефтепроводная көшесі, 7 мекенжайында орналасқан Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізіліп жатыр. Мұнда түске дейін 35 адам келіп өтініш білдірді. Оның 10-ының құжаттары қаралып, бесеуі жаңа қазақстандық нөмірлермен кетті.

Алғашқылардың бірі болып «Daewoo Matis» автокөлігін петропавлдық Дмитрий Савич тіркеді.

«Мен барлық кезеңдерден өте тез өттім. Ең бастысы, машинамда кемшіліктер болмағаны қуантты. Оны сатып алмас бұрын ұрланбағанына, еш жерде кепілде тұрмағанына, құжаттарының дұрыс болуына көз жеткіздім», - дейді Дмитрий.

Мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері атап өткендей, тіркеу туралы өтінімді кез келген халыққа қызмет көрсету орталығында немесе e-gov арқылы беруге болады. Бұдан бөлек, «электрондық үкіметтің» сайтында жабық бокста тексерту үшін алдын ала кезек брондауға болады. Онда криминалистер агрегаттық нөмірлерді көлік құралын тіркеу туралы куәлігіндегі мәліметтермен салыстырады, автокөлікті криминалдық есептер бойынша тексереді. Егер машина талаптарға сай болса (шетелде есептен шығарылған, кедендік тазартудан өткен және т.б.), көлік иесі оны тіркеп, қазақстандық нөмір алады.

«Керемет қарбалас жоқ. Алдын ала белсенді түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қызметкерлер жұртшылықпен кездесіп, БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы адамдардың сұрақтарына жауап берді. Барлық сұрақтар бойынша t.me/petropavloskbanderos Telegram-чатында кеңес алуға болады, сондай-ақ, жұмыс уақытында СҚО ПД процессингтік орталығына 8 (7152) 32-00-19, 32-00-22 телефондары арқылы хабарласуға болады», - дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.

Полицейлердің есебінше, СҚО-да шетелдік тіркеудегі барлығы 7 мыңнан астам автомобиль бар. Ресеймен көрші орналасқандықтан оның 90% ресейлік нөмірмен жүрген көліктер.


Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі


Соңғы жаңалықтар