СҚО-да бір жылда азық-түлік орта есеппен 25 пайызға қымбаттаған

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Ұлттық статистика бюросының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті өткен жылды қорытындылап, инфляцияның 20,6 %-ға өскенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да бір жылда азық-түлік орта есеппен 25 пайызға қымбаттаған

Департаменттің мәліметінше, азық-түлік бағасы бір жылда орта есеппен - 25,7%, азық-түлік емес тауарлар - 19%, ақылы қызметтердің бағасы 14 %-ға қымбаттаған.

Азық-түлік бір жылда орта есеппен 25,7 % өссе, соның ішінде ең көп қымбаттағаны - қант, оның бағасы 55%, ұн 44%-ға артқан. Ал жармалар өткен жылы - 42%, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер - 41%, макарон өнімдері - 33%, сүт өнімдері - 30% жуық, алкоголі жоқ сусысндар - 23%, ет 21% қымбаттаған. Жеміс-жидектің де бағасы өсіп, 25%, көкөністер 16,9% артқан.

Жуып-тазалайтын өнімдердің де бағасы аспандап, бір жылда - 36,7%, тұрмыстық құрылғылар - 23,5%, тұрғын үйлерді жөндеуге арналған материалдар - 19%, киім мен аяқ киім - 16,8%, дәрі-дәрмек 14,2% қымбаттады.

Бір жылдың ішінде жалға берілетін пәтердің бағасы шамамен 47% өскен. Қоғамдық тамақтану орындары өз қызметтерінің құнын шамамен 30% арттырса, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары бағаны 26% өсірген.

Айта кетейік, инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағаларының индексі халықтың жеке тұтыну үшін сатып алатын тауарлары мен қызметтер бағасының өзгеруін көрсетеді. Тауарлар мен қызметтер жиынтығы 508 позицияны қамтиды. Бағалар әртүрлі меншік нысандарындағы сауда және қызмет көрсету кәсіпорындарынан іріктеу арқылы алынады.