СҚО-да бірер сағаттың ішінде 34 адам тайғанап құлап, дәрігерге жүгінген
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көктайғақтың салдарынан жарақат алып, аяқ-қолын сындырғандар саны күрт артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін таңға жуық СҚО аумағында жаңбыр жауып, арты көктайғаққа ұласты.
Арнайы техника сағат таңғы 5.00-ден көшеге шығып, құм-тұз қоспасын сепкенімен, жарақаттанғандар саны азаяр емес.
Петропавл қалалық көпсалалы жедел медициналық жәрдем ауруханасы баспасөз қызметінің мәліметінше, таңнан бастап сағат 11.00-ге дейін емдеу мекемесінің жарақат бөліміне 34 адам жүгінген.
Оның екеуіне ота жасалмақ.
«Негізінен аяқ-қолдарын сындырып түсіп жатыр. Бес науқасты ауруханаға жатқызуға тура келді. Жалпы көктайғақтың салдарынан кеше 32 адам жарақатпен дәрігерлерге қаралды. Жарақат бөлімінде оларға барлық тиісті ем-дом беріліп жатыр», дейді аурухананың баспасөз хатшысы Екатерина Белоусова.
Ал облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, түнгі сағат 00.00-ден бастап, сағат 11.00-ге дейін Петропавлда 5 жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Зардап шеккендер жоқ, тек көліктерге механикалық зақым келді.
Сондай-ақ, бұған дейін мектептерде бірінші ауысымның оқушылары ғана қашықтан оқуға көшірілсе, енді қалған балалар да онлайн оқитын болып жатыр.