СҚО-да биыл 148 адам маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеуге жіберілді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында учаскелік полицейлер отбасы шырқын бұзған 148 адамды маскүнемдіктен емделуге мәжбүрлеп жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 тамыздан бастап 30 қыркүйекке дейін солтүстікқазақстандық полицейлер «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс істеп жатыр. Мақсат – қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, заңсыз көші-қонның жолын кесу, шетел азаматтарының тарапынан Қазақстан аумағында болу ережелерінің бұзылуын анықтау. Учаскелік инспекторлар, жедел уәкілдер, көші-қон қызметінің қызметкерлері, патрульдік және ювеналдық полицейлер – іс-шараға барлық қызмет пен бөліністер жұмылдырылған.
Мобильдік топтар кезең-кезеңімен әкімшілік учаскелердегі аулалар мен пәтерлерді тексереді. Шетел азаматтары ғана емес, полицияда түрлі есептерде тұрған және бұрын сотталған тұлғалар да назардан тыс қалмайды. Бұдан бөлек, азаматтық қару иелерін тексеру, жасөспірімдер арасында және тұрмысы нашар отбасылардағы құқық бұзушылықтарды ескерту бойынша рейдтік іс-шаралар да жандандырылды.
Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбахтың айтуынша, жыл басынан облыста учаскелік полиция инспекторлары 148 адамды маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеуге жіберген. Қайталап қылмыс және құқық бұзушылықтар жасамау үшін 438 адамға қатысты алкогольдік ішімдіктер ішпеу және басқа да бірқатар шектеуді көздейтін ерекше талаптар қойылды. Сондай-ақ полицейлердің өтініші бойынша сот органдары шартты түрде жазасын өтеп жүрген 29 адамды бас бостандығынан айыру орындарына қайтарды.