СҚО-да биыл 36 елді мекенде су мәселесі шешіледі

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 22,8 мың тұрғыны бар 36 елді мекенде таза су мәселесі шешіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиевтің айтуынша, бүгінде облыстың 415 ауылы – 65,3% орталықтандырылған су желісіне қосылған. Бұл елді мекендерде ауыл халқының 85% тұрады. Қалған 220 ауылда су мәселесі өткір тұр.

«41,7 мың адам тұратын 220 ауылда су мәселесі шешілмеген. Ал жалпы, қалаларды қоса есептегенде, облыс тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі 92,2%.

Биыл өңірдегі 36 елді мекенде су мәселесі шешіледі. Олардың ішінде Айыртау ауданының Айыртау, Шалқар ауылдары, Қызылжар ауданының Чапаев, Петерфельд, Мамлют ауданының Леденев, Покровка, Бике, Қызыләскер, Дубровное және басқалары бар. Жалпы бұл ауылдарда 23 мыңға жуық адам тұрады. Жобаларды іске асыру аясында 250 км су желісі жаңғыртылады. 1 мыңға жуық үйге суды кіргізуге мүмкіндік туады», - дейді Сәтжан Аблалиев.

Бұл мақсатқа 16,2 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл былтырғыға қарағанда 7,3 млрд теңгеге көп.

Өткен жылы 8,9 млрд теңгеге 33,5 мың тұрғыны бар 55 елді мекенде жұмыстар жүргізілді. 240 км желі тартылып, жаңартылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2 мыңға жуық үй суға қосылу мүмкіндігіне ие болды.


Соңғы жаңалықтар
telegram