СҚО-да биыл 655 мас жүргізуші жауапқа тартылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында спирттік ішімдік ішіп, көлікке отырған 655 көлік жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да биыл 655 мас жүргізуші жауапқа тартылды

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Челябі-Новосібір тас жолына кезекшілік етіп жүрген патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Пеньково мен Асаново елдімекендерінің арасында жолаушысы бар «Vortex» мотоциклін байқайды. Жүргізуші көлік құралын сенімсіз басқарған. Полицейлер мотоцикльді тоқтатады. Рульде Петропавл қаласының 1975 жылы туған тұрғыны болған. Ол жолға шығарда спирттік ішімдік ішкенін мойындады. Осындай жағдайда ол жолаушы, өзінің өгей әкесін облыс орталығынан 60 шақырымдай жердегі Мағжан Жұмабаев ауданындағы ауылдардың біріне жеткізбек болған.

Полицейлер жолшыбай көлік тоқтатып, жолаушыны барар жеріне дейін жеткізуді өтінеді. Ал жүргізушіні медициналық куәландырудан өткізіп, оның мас болғандығы расталды. Сондай-ақ мотоцикл жүргізушісінің көлік жүргізу бойынша оқудан өтпегені және жүргізуші куәлігі болмағаны анықталды.

Көлік құралын басқаруға құқығы жоқ және рульге мас күйде отырған жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды. Сол күні қашықтан сот отырысы өтіп, елдімекен тұрғынын отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға үкім шығарылды.

Жалпы СҚО-да жыл басынан ішімдік ішіп көлік басқарған 655 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.