СҚО-да биыл 9 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды
СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2018 жылы 1-сыныпқа 7,7 мың, 2019 жылы 8,5 мың бала барса, биыл 9 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттамақ.
Бала санының өсуіне байланысты облыстың кей мектептерінде сабақ үш ауысыммен жүргізілді. Мәселені шешу үшін өңірде жаңа мектептер салынып жатыр. Мәселен былтыр «Береке» ықшам ауданында жаңа мектеп ашылды. Биыл жаңа оқу жылы және Конституция күні қарсаңында «Жас Өркен» ықшам ауданында 900 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов жаңа мектептің дайындығын барып көрді.
«Жаңа ғимаратқа Петропавлдағы Қожаберген жырау атындағы №6 мектеп ауысады. Осылайша ата-аналар мен мұғалімдердің жайлы мектеп салу жөніндегі өтініштері қанағаттандырылды. Ескі мектеп 200 балаға шақталғанымен, онда былтырлары 600 бала оқып келген. Салдарынан сабақ үш ауысымда жүрді. Енді балалар кең әрі ыңғайлы кабинеттерде оқиды», - дейді облыс әкімі.
Жаңа оқу жылын Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылының бір топ баласы да жаңа мектепте бастайды. Ауылда жаңа ықшам ауданның пайда болуына байланысты білім ордасы бой көтерді.
Қазіргі уақытта Петропавлдағы Уәлиханов көшесінде тағы бір мектеп салынып жатыр. Келер жылы Тайынша ауданында екі білім ордасының құрылысы басталмақ.
«Мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Былтыр 142 мектеп жаңарса, биыл олардың қатарына 107-сі қосылды. Осылайша, екі жыл ішінде біз өңір мектептерінің жартысын жаңарттық. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлық мектепке бейнебақылау камералары орнатылды. Білім мекемелерінің автопаркіне 43 автобус алынды», - дейді Құмар Ақсақалов.
Облыста кадр тапшылығы мәселесі де толық шешіліп, соңғы үш жылда өңірге 1,5 мыңға жуық жас мұғалім келді.
Бұған дейін Петропавл қаласы мұғалімдерінің баспана мәселесін шешу мақсатында тұрғын үй сертификаттарының берілетіндігін айтқан едік.
Сондай-ақ бүгін СҚО әкімі «Жас маман» жобасына қатысып жатқан колледждерді аралап шықты.