СҚО-да биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 40 сәби өмірге келді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 210 квота бөлінді. Жыл басынан оны 90-ға жуық отбасы пайдаланса, 40 сәби өмірге келіп, шаңырақты қуанышқа бөледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 40 сәби өмірге келді

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша жыл басынан 40 нәресте өмірге келді. Сәби сүйгендердің бірі – петропавлдық Евгения Катина. 35 жастағы келіншек 15 жыл бойы балалы болуды армандаған екен.

«Ұлды болдым, қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Бақыттымын. Ұлымның салмағы 3 келіге жақын», - дейді жас ана Евгения Катина.

Былтыр солтүстікқазақстандықтар «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында бөлінген 217 квотаның 90 %-дан астамын пайдаланған. Өңірге биыл ЭКО процедурасын тегін жүргізуге 210 квота берілген. Оны 90-ға жуық отбасы пайдаланды.

Мамандардың айтуынша, көмекті негізінен 30 - 35 жас аралығындағы келіншектер алған. Ал жыл басынан бері СҚО-да жасанды ұрықтандырудың нәтижесінде 40 сәби дүниеге келді.

Бүгін, Халықаралық балаларды қорғау күні облыстық перинаталдық орталықта 11 шақалақ туды. Олардың алтауы ер бала болса, бесеуі – қыз. Бүгін тағы толғағы қысқан үш әйел босанып, баласын бауырына алмақ. Мерекеге орай жас аналардың бәріне бала күтіміне қажет болатын сыйлықтар берілді.


Ашық көздерден алынған фото