СҚО-да биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 40 сәби өмірге келді

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша жыл басынан 40 нәресте өмірге келді. Сәби сүйгендердің бірі – петропавлдық Евгения Катина. 35 жастағы келіншек 15 жыл бойы балалы болуды армандаған екен.
«Ұлды болдым, қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Бақыттымын. Ұлымның салмағы 3 келіге жақын», - дейді жас ана Евгения Катина.
Былтыр солтүстікқазақстандықтар «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында бөлінген 217 квотаның 90 %-дан астамын пайдаланған. Өңірге биыл ЭКО процедурасын тегін жүргізуге 210 квота берілген. Оны 90-ға жуық отбасы пайдаланды.
Мамандардың айтуынша, көмекті негізінен 30 - 35 жас аралығындағы келіншектер алған. Ал жыл басынан бері СҚО-да жасанды ұрықтандырудың нәтижесінде 40 сәби дүниеге келді.
Бүгін, Халықаралық балаларды қорғау күні облыстық перинаталдық орталықта 11 шақалақ туды. Олардың алтауы ер бала болса, бесеуі – қыз. Бүгін тағы толғағы қысқан үш әйел босанып, баласын бауырына алмақ. Мерекеге орай жас аналардың бәріне бала күтіміне қажет болатын сыйлықтар берілді.
Ашық көздерден алынған фото