СҚО-да биыл автожолдарды жөндеуге 32 млрд теңге жұмсалды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл автомобиль жолдарын қалыпқа келтіруге 32 млрд теңге жұмсалды. Осылайша соңғы 5 жылдың ішінде саланы қаржыландыру шамамен 2 есе артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

СҚО әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиевтің айтуынша, автомобиль жолдарын жөндеуге, салуға инвестиция көлемі айтарлықтай артқан. Егер 2017 жылы бұл мақсатқа 18,7 млрд теңге бөлініп, 22 автожол компаниясы тартылса, биыл 32 млрд теңге жұмсалып, 44 жол компаниясы учаскелерде еңбек етті. Нәтижесінде 626 км жол жөнделді.

«Мәселен, республикалық маңыздағы жолдың Волошинка - Тимирязево елді мекендері арасындағы 35 км, Көкшетау - Келлеровка жолының 26 км, Саумалкөл - Каменный Брод тасжолының 40 км жөнге келтірілді.

Жергілікті маңыздағы жолдарға келетін болсақ, Тайынша - Чкалово бағытының соңғы учаскесі - 8 км қалпына келтірілді. Жалпы 80 км жөнделді.

Беняш - Надежка ауылдарының арасында 9 км, Григорьевка - Камышлово арасында 5 км, Саумалкөл - Казанка арасында 6 км жол күрделі жөнделді.

Лобаново – Арықбалық – Чистополье елді мекендерінің арасындағы 33 км, Летовочное – Келеровка 20 км, Булаево - Куломзино 33 км, Воскресеновка - Леденева 23 км орта жөндеуден өтті.

Бұл жұмыстар жол уақытын қысқартып, автожолды қолданушылардың амортизацияға кететін шығынын азайтты», - деді Сәтжан Аблалиев.

Келесі жылға биылдан жалпы ұзындығы 350 км болатын 25 жоба қалды, сондай-ақ жаңадан жалпы ұзындығы 500 км болатын 53 жоба қолға алынады.

СҚО әкімі орынбасарының айтуынша, елді мекен көшелері де назардан тыс қалмады. Биыл 52 ауылда 148 км жолды жөндеу жұмыстары қолға алынса, соның 106 км іске қосылды. Имантау, Антоновка, Саумалкөл, Талшық, Дәуіт, Киевское, Булаево, Возвышенка, Червоное, Бірлік, Буденное, Тоқсан би, Разгульное, Ломаносовка, Шөптікөл елді мекендерінің тұрғындары оң өзгерісті сезінді.

Келер жылы ауыл көшелерін жөндеуге қатысты жұмыстар жалғасады, бұрын басталған 25 және жаңадан 31 жобаны аяқтау міндеті тұр.


Соңғы жаңалықтар