СҚО-да биыл карантин режимін бұзғандарға 2,3 млн теңге айыппұл салынды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл карантин режимін бұзған 48 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да биыл карантин режимін бұзғандарға 2,3 млн теңге айыппұл салынды

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірде тек ақпан айында 61 рейд жүргізіліп, 364 нысан тексерілген. Нәтижесінде Тайынша ауданында орналасқан 15 нысанда олқылықтар анықталған. Ал Ақжар, Шал ақын, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда және Петропавлда осы айда бір рет те рейд өтпеген. Аққайың ауданында – 2, Уәлиханов ауданында 5 тексеріс жүргізілген.

«Петропавлдың және аудандардың әкімдері карантин шектеулерінің сақталуын қадағалайтын мониторингтік топтардың жұмысын жандандыруы қажет. КВИ жұқтырған науқастардың оқшауланып, талаптарды орындауы да маңызды. Ashyq жобасы арқылы «Сары» мәртебесі бар 12 адам анықталды. «Қызыл» мәртебесі бар 48 адам анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 2 млн 297 мың теңге айыппұл салынды», - дейді департамент басшысы Әсет Жұматаев.

Қазіргі уақытта СҚО-да 3111 нысан Ashyq бойынша жұмыс істеп жатыр.