СҚО-да биыл кей жерлерде қар қалыңдығы нормадан 3 есе көп
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл қардың орташа қалыңдығы 39 см-ге жеткен. Кей жерлерде 60 см асып кеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазгидромет» РММ СҚО филиалының мәліметінше, 2020 жылдың 20 қарашасы мен 2021 жылдың 20 наурызы аралығында өңірде қар 50 мм мен 169 мм аралығында жауған. Қалыпты жағдайда 51-97 мм аспауы керек. Яғни нормадан 67 %-313 % ауытқыған.
Қазір СҚО-да қардың орташа қалыңдығы – 39 см. Қызылжар ауданы Налобино елді мекенінде 60 см дейін жетсе, Ақжар ауданы Талшық ауылының маңында қардың биіктігі 15 см аспайды. Былтыр мамандар бұл уақытта қардың күрт еруіне байланысты оның қалыңдығын өлшеуді тоқтатқан еді. Ал биыл ол 100 % барлық бақылау пункттерінде жүргізіліп жатыр.
«Көктемде күн жылынысымен қар еріп, ол сумен қанығады. Биыл қыс былтырғымен салыстырғанда суық болды. Осыған байланысты 20 наурыз күні тек Талшықтағы метеостансада ғана қардың сумен қаныққанын байқадық. Былтыр мұндай жағдай 8 пунктте байқалған еді»,- дейді филиал қызметкерлері.
Ең көп қар Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда жауған, Новоишимде 169 мм тіркелді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 74 % кем, былтыр Возвышенка гидробекетінде 228 мм тіркелген екен.
Ал қар ең аз жауған елді мекен М.Жұмабаев ауданында, Бәйтерек гидробекетінде 50 мм тіркелген. Алайда бұл өткен жылғыдан 12 мм көп. Былтыр Есіл ауданы Ясновка гидробекетінде небары 38 мм жауын-шашын жауған.
Қардың қалыңдығын өлшеу, жауын-шашын мөлшерін білу – шаруашылықтарға агрометеорологиялық болжам жасауға және көктемгі су тасқынының болжамына негіз болады.