СҚО-да биыл көлік басқару құқығынан айырылған 5 мас жүргізуші ұсталды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 наурыз күні түнде Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның ауылдарының бірінде полицейлер «Daewoo-Nexia» автокөлігін тоқтатқан. Рейдке қатысқан аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы көлікті бірден таныды. Оның жүргізушісі – 33 жастағы ер адам екі жыл бұрын көлікті мас күйде жүргізгені үшін 3 жылға басқару құқығынан айырылған. Ауыл тұрғыны бұл жолы да мас болып шықты. Оны медициналық куәландыру растады.
Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бабы бойынша енгізілді. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
«Көлікті мас күйде басқару фактілерін анықтау – полицияның маңызды міндеттерінің бірі. Әсіресе, бұл ҚР Жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылып, рөлге отыратындарға қатысты. Мас жүргізуші өз басын ғана қатерге тігіп қоймай, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да үлкен қауіп төндіреді. Заңнама талаптарын, жол қозғалысы қатысушыларының өмірі мен денсаулығын саналы түрде елемеу жазасыз қалмауы тиіс. Жыл басынан облыс жолдарында бұрын басқару құқығынан айырылған 5 мас жүргізуші ұсталды. Қазіргі уақытта екі іс бойынша материалдар сотқа жолданды, үшеуіне қатысты тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Еңбек Сембин.