СҚО-да биыл «қос азаматтықпен» жүрген 94 адамға жаза қолданылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл шетелдің азаматы бола тұра Қазақстан паспортымен жүрген 94 адам анықталып, оларға әкімшілік жаза қолданылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да биыл «қос азаматтықпен» жүрген 94 адамға жаза қолданылды

СҚО аумағында «Қос азаматтықпен» жүргендердің қатары артқан. Көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ермек Нүсірбаевтың айтуынша, былтырғы жылдың 8 айында екі елдің паспортымен жүрген 85 адам анықталса, биыл ұқсас кезеңде заңды бұзған 94 шетелдік анықталып отыр. Яғни 11 % артқан. Олардың екеуі ел аумағынан шығарылса, 92 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Ақпан айында еліміздің бұрынғы азаматшасы мемлекеттік шекарадан өткенде ҚР құжаттарын және паспортын көрсеткен. Шекарашылар бұл фактіні тіркеп, материалды бізге көші-қон қызметіне жіберді. Кейін іс сотқа жетіп, нәтижесінде әйелге 200 АЕК мөлшерінде – 612 мың 600 теңге айыппұл салынды», - дейді Ермек Нүсірбаев.

Маманның айтуынша, «қос азаматтық» үшін елімізде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Қазақстан құжаттарын заңсыз қолданғандар елден депортацияланады немесе үлкен мөлшерде – 100 – 300 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін.

Бұған дейін СҚО-да 291 адамның алименттен жалтарып жүргенін айтқан едік. Олардың балаларына жалпы берешегі 320 млн теңгеден асқан. Биыл борышкерлердің 85-і әкімшілік жазаға тартылса, 6 адам қамауға алынды.