СҚО-да биыл малын бос жіберген 700-ден астам тұрғын жауапкершілікке тартылды

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 мамырға қараған түні Айыртау ауданы «Еленовка-Чистополье» жергілікті маңызы бар автожолда жылқы кенеттен трасса үстіне шығып кеткен. Салдарынан түлікті Көкшетау қаласының 59 жастағы тұрғыны басқарған «Ford» көлігі соққан. Жүргізуші жиенімен бірге үйіне қайтып келе жатқан екен. Екеуі де зардап шеккен жоқ. Ал соққыдан автокөлік зақымданып, жануар сол жерде мерт болды.
Еркін жайылымға жол берген шопанға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 408-бабының 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылды.
«Жаз – демалыс маусымы, әдетте қала сыртындағы трассаларда көлік ағыны артады. Сондықтан жол-көлік оқиғалардың алдын алу жол қауіпсіздігін нығайтудың маңызды құрамдас бөлігі. Учаскелік полиция инспекторлары көлік жүргізушілеріне қауіп төндіретін және мал ұрлығына жағдай жасайтын еркін жайылымға жол бермеу үшін алдын алу жұмысын жүргізеді. Жыл басынан аудан аумағында қаңғырған малға қатысты 56 хаттама толтырылды», - дейді Айыртау аудандық полиция бөлімінің бастығы Марат Серкешев.
Жалпы жыл басынан СҚО-ның 722 тұрғыны малын бос қоя бергені үшін жауапкершілікке тартылды.