СҚО-да биыл мамандар жол сапасын 108 рет тексеріп, 77 олқылықты анықтады
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өткен 2,5 ай ішінде мамандар жол сапасына, оның күтіп-ұсталуына қатысты 108 тексеріс жүргізіп, 77 олқылықты анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК СҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, филиал мамандары жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар жөндеген нысандардағы жұмыстар мен материалдардың сапасына іріктеп сараптама жүргізу жөнінде шарттар жасасты. Осыған орай, жол құрылысы қызған шақ – сәуір-маусым айлары аралығында филиал қызметкерлері жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары мен көшелердегі жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жасау мақсатында 108 инспекциялық тексеріс жүргізді.
«Инспекциялық тексеру нәтижесі бойынша 77 олқылық анықталды, оның 25-і – өрескел заңбұзушылық. Негізінен олқылықтар мен ескертулер кепілдік мерзімі бітпеген облыстық жолдарда және республикалық жолдардың көктемгі-жазғы күтімі бойынша анықталды.
Жалпы тексерілген нысандарда іріктеп сараптау кезінде асфальт-бетон жабынының шөгуі, оның көлденеңінен жарылуы, жабынның қабыршақтануы секілді олқылықтар анықталды», - дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК СҚО филиалы директоры Жолдыбай Тентеков.
Осындай ақаулар анықталған жағдайда филиал тапсырыс берушілерге ақаулар мен олқылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы нұсқама хаттар жібереді.
«Сондай-ақ сәуір айынан бастап маусым айының бірінші онкүндігі аралығында жол-құрылыс материалдарының 262 сынамасы іріктеліп алынды. Олардың 72-сі жол-құрылыс материалдарының нормативтік-техникалық құжаттар нормаларына сәйкес келмейді. Негізінен сәйкессіздік ауылдық округтердің кентішілік көшелерінде және аудандық маңызы бар автожолдардағы жөндеу нысандарында анықталды», - дейді филиал директоры.