СҚО-да биыл мас жүргізушілердің кінәсінен 5 адам қаза тапты

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері мыңға жуық мас жүргізушісі ұсталып, көлік жүргізу құқығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да биыл мас жүргізушілердің кінәсінен 5 адам қаза тапты

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде жыл басынан бері мас жүргізушілердің кінәсінен 16 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 5 адам қаза тапты, 16-сы жарақаттанды.

«Мас күйде көлік басқару жағдайларына жол бермеу – жол қауіпсіздігін нығайтудағы маңызды міндеттердің бірі. Мұндай фактілер жүргізушілер тәртібін арттыруға бағытталған рейдтік және жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында анықталады.

Естеріңізге саламыз: мас күйде көлік тізгіндегені үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жылға көлік басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған. Мас күйде көлік жүргізу – барлық жол қозғалысына қатысушылардың денсаулықтары мен өмірлері үшін аса қауіпті. Аталған фактілерге жол бермеуге бағытталған жұмыстар ұдайы жүргізілуде», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Мәселен, облыста өткен бір апталық «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ішімдік ішіп рульге отырған 38 адам ұсталды.

Ал жыл басынан бері облыста жол қауіпсіздігі бойынша 9 жедел-профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды, нәтижесінде 981 мас жүргізуші жауапкершілікке тартылды.