СҚО-да биыл мектеп дәретханаларын жөнге келтіруге 310 млн теңге бөлінген
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 49 білім беру нысанында күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа рекордтық қаржы – 4,3 млрд теңге берілсе, соның 2,9 млрд теңгесі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО білім басқармасының мәліметінше, былтыр 2,4 млрд теңгеге 27 білім беру нысаны күрделі жөнделді. Оның 1-і қалалық, 26-сы ауылдық жерлерде орналасқан, оның ішінде «Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында 21 білім беру ұйымы жөнге келтірілді. Нәтижесінде мектептер мен балабақшалардың қасбеті, инженерлік желілері, жылыту жүйелері, шатыры, терезелері, есік-едені ауыстырылды. Биыл осындай жұмыс 49 нысанда жұргізіліп жатыр. 4,3 млрд теңге бөлінсе, оның ішінде 2,9 млрд теңгесі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында берілді.
Жұмыс 1 қыркүйекке дейін аяқталуы үшін басқарманың және білім бөлімдері комиссиялары апта сайын нысандарға барып, мониторинг жүргізеді, аудандар мен қала әкімдері де қатаң бақылауға алған.
Петропавл бойынша 5 жоба аяқталды. Қалған нысандарда жұмыс орта есеппен 67%- 96% аралығында атқарылды.
Облыстың 64 білім беру ұйымын күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленді. Оның ішінде 5 балабақша, 51 мектеп, 4 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы, арнайы мектеп, қолдау орталығы, өнер мектебі, жасөспірімдер клубы бар.
Қазіргі уақытта СҚО бойынша Тайынша қаласында, Вишневка ауылында және Тайынша ауданының Драгомировка ауылында 3 апатты мектеп бар.
Апаттық мектептердің орнына Тайынша қаласында 600 орынға және Вишневка ауылында 120 орынға, жалпы сомасы 3,2 млрд теңгеге екі мектеп салынып жатыр. Нысандар жылдың соңына дейін берілуі тиіс. Сондай-ақ Драгомировка ауылында 120 орынға мектеп салу жоспарланған, құжаттары әзір. Осылайша 2025 жылға қарай бұл мәселе шешімін таппақ.
Өңірдегі барлық мектеп жылы дәретханамен жабдықталған. Десек те биыл 125 мектептің дәретханалары толыққанды жұмыс істеуі үшін 310 млн теңге жөндеуге бөлінді. Бұл қаражатқа еден және қабырға плиткаларын төсеу, сантехниканы ауыстыру, қосымша септик құрылғысы, кәріз құбырларын пластикке ауыстыру, қабырғалар мен төбелерді жөндеу сияқты жұмыс жүргізіліп жатыр.