СҚО-да биыл салынған 133 млн теңге әкімшілік айыппұлдың жартысынан астамы өндірілді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 1,5 айдың ішінде 9 мыңға жуық әкімшілік айыппұл салынды. Соның тек 54 пайызы ғана өндіріліп алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті СҚО бойынша басқармасының мәліметінше, жыл басынан ақпай айының ортасына дейін 16 мыңнан астам құқық бұзушылық есепке қойылған. Олардың 6,5 мыңында құқық бұзушы ескертілсе, 345 жағдайда әкімшілік тыйым салу, 69 жағдайда арнайы құқықтан айырылды. Ал екі адам ел аумағынан шығарылды.
«Құқық бұзушылықтардың басым бөлігін әдеттегідей полиция анықтаған. Жалпы саны - 15 021 немесе барлық құқық бұзушылықтың 92 %-ы. Әкімшілік айыппұл өндіріп алудың кең тараған түрі, 55 %-ында қолданылған. Ең көп айыппұл Петропавлды есептемегенде Қызылжар, Тайынша және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарда салынған. Өндіріп алу жағынан Ақжар ауданы алда келеді. Барлық айыппұлдың 74,7 % - 1 715 000 теңге шамасында өндірілді», - дейді Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті СҚО бойынша басқармасының азаматтық және әкімшілік салалардағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің прокуроры Ғазиз Қожабек.
Жалпы 1,5 айдың ішінде СҚО-да шамамен 133 млн теңге сомасында 9 мыңға жуық әкімшілік айыппұл салынған. 72 млн теңге айыппұл өндіріп алынған, бұл - салынған айыппұлдың жалпы сомасынан 54,2 %.