СҚО-да биыл ЖРВИ-мен ауырғандар саны 23 пайызға артты
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында қазан айынан бастап жедел респираторлық-вирустық инфекцияны жұқтырудың 14 888 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 23 % артық, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы эпидемиялық маусым - 1 қазаннан бастап ЖРВИ-мен ауырудың 14888 жағдайы тіркелді, өткен жылдың сәйкес кезеңіде 12040 адам ауырған.
Науқастардың 67 % - 14 жасқа дейінгі бала.
Сондай-ақ өңірде тұмауды жұқтырғандар саны да артқан. 14 қазаннан бері облыста В типті тұмаудың зертханалық расталған 179 жағдайы тіркелді.
Жұқтырғандардың 13-і жүкті әйел, 67-сі 14 жасқа дейінгі бала.
«Қазіргі уақытта тұмаудың алдын алудың тиімді әдістерінің бірі -вакцинация. Бүгінгі таңда облыста қауіп тобына жататын 75 мың адамға вакцина егілді, олар: медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар, сәбилер үйлерінің балалары, қарттар үйлерінің контингенті, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 2-3 триместрдегі жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар, 65 жастан асқан адамдар», - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Айнаш Сағандықова.
Тұмауға қарсы вакцина алған 75 мың адамның ішінде 4 600-і оқушы, 8 515-і медицина қызметкері, 584-і жүкті әйел.
Сондай-ақ созылмалы аурулары бар 24 мыңнан астам адам және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 37 мыңнан астам адам вакцинамен қамтылды.
Айнаш Сағандықованың айтуынша, тұмауға қарсы вакцинациядан басқа, қарапайым сақтық шараларын да естен шығармау қажет. Яғни бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау, мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, жеке гигиена ережелерін сақтау - қолды сабынмен мүмкіндігінше жиі жуу керек, өйткені тұмау вирусы ауа тамшылары арқылы ғана емес, сонымен қатар тұрмыстық заттар арқылы да таралады.
Сонымен қатар, иммунитетті барлық қолжетімді тәсілдермен көтерген жөн.
Соның ішінде дене шынықтыру, жұмыс және демалыс режимін сақтау, жеткілікті ұйқы, микроэлементтер мен дәрумендердің, әсіресе «С» витаминінің, сарымсақ пен пияздың жеткілікті мөлшері бар дұрыс тамақтану.
Ал ауырып қалған жағдайда үйге дәрігерді шақырып, инфекцияның одан әрі таралуын болдырмау үшін балабақшаға, мектепке бармау керек.