СҚО-да бизнес үшін электр энергиясы арзандады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар ауданында және Петропавлда кәсіпкерлер үшін электр қуаты арзандады. Жаңа тариф 1 маусымнан бастап енгізіледі.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, «Севказэнергосбыт» ЖШС заңды тұлғалар үшін электр энергиясының 1 кВт/сағатына 27,87 теңгеден 25,88 теңгеге дейін яғни 7,1%-ға төмендетіп отыр. Бұл қосымша құн салығынсыз есептелген баға.
Бағаны төмендетуге ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық департаменттері реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды электр қуатымен жабдықтау жөніндегі қызметтерге лицензиялардың қолданылуын тоқтатуы себеп болған.
Бұл жұмысты Үкімет Мемлекет басшысының делдал ұйымдарды, оның ішінде тұтынушыларды электрмен жабдықтаудаға тиімсіз делдалдарды жою жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізді.
Тұтынушылардың реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан электр энергиясын кепілді жеткізушіге - «Севказэнергосбыт» ЖШС-ге ауысуы соңғысының көрсететін қызметтерінің көлемін ұлғайтып, тиісінше бағаны төмендетуіне әсер етті.
Енді жаңа тарифке көшу үшін бұрын реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметін пайдаланған Петропавл қаласының және Шал Ақын, Аққайың, М.Жұмабаев, Қызылжар, Мамлют, Есіл, Жамбыл, Тимирязев аудандарының бизнес өкілдері «Севказэнергосбыт» ЖШС-мен жедел түрде тиісті шарттар жасауы қажет.
Бұған дейін СҚО-да тасқында малы қырылғандар өтемақы алып жатқанын жазған едік.