СҚО-да бөгет салған мердігерге тиісті құжатсыз 1 млрд астам теңге төлем жасалған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы әкімдігі салынған екі бөгет үшін мердігер ұйымға бюджет қаражатын заң талаптарын бұза отырып төлеген.
Тәртіптік кеңесте Қызылжар ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Бақытжан Ташеваға қатысты іс қаралды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің бас маманы Диана Салғаринаның айтуынша, биыл Ішкі мемлекеттік аудит комитеті тапсырмасымен облыстық департамент осы бөлімде аудит жүргізген. Мамандар 2025 жылғы желтоқсан айындағы кезеңді қамтыды.
Тексеру нәтижесінде, бөлім басшысының міндетін атқарған Бақытжан Ташеваның 2025 жылдың желтоқсан айында мердігер ұйым — «Титан-Север» компаниясына орындалған жұмыстар актісі болмаса да ірі көлемде қаржы аударғаны анықталды.
Яғни, Тепличное ауылындағы қорғаныс бөгетін қайта жаңарту жобасы бойынша 295,3 млн теңге, Прибрежное ауылындағы ұқсас жобаға жалпы сомасы 992,6 млн теңгеге дейін төлем жүргізілген.
Биылғы 20 наурыздағы аудиторлық есепте қажетті құжаттардың жоқ екені нақты көрсетілген. Тиісті құжаттарды ұсынбағаны үшін Қызылжар аудандық сотының 2026 жылғы 10 наурыздағы қаулысымен шенеунік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұл шешімге шағым берілмеген.
- Кейін қызметтік тексеріс барысында актілер ұсынылғанымен, қазір олардың шынайылығы күмән тудырып отыр.
Бұл әрекеттерден мемлекеттік қызмет туралы заң талаптарын бұзу, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қолдау көрсету белгілерін көруге болады.
Осы факті бойынша Бақытжан Ташева әрекетінде заңбұзушылық бар деп танылды. Ол қазіргі уақытта да бөлім басшысының орынбасары қызметін атқарады және бұған дейін этика нормаларын бұзғаны үшін «қатаң сөгіс» алған, - дейді Диана Салғарина.
Бұған дейін СҚО-да мемқызметшілердің еңбек құқығы бұзылып келгенін жазған едік.