СҚО-да бөгеттегі бетон плиталар жарылып кетті, қалпына келтіруге қосымша қаржы бөліне ме
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысы Тепличное елді мекені маңындағы бөгеттің топырағы отырып, үстіне жабылған бетон плиталар жарылып қалды.
Ауыл тұрғындарының пікірінше, нысанның қыс мезгілінде салынуы құрылыс сапасына әсер етуі мүмкін.
Алайда жергілікті билік өкілдері бөгеттің бұзылуына мердігер компанияның қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Бахтияр Бикеневтің айтуынша, мәселенің туындауына бөгеттің астынан өтетін су құбыры себеп болған.
— Сол учаскеден «Қызылжар су» ЖШС магистралды желісі өтеді. Құбыр бөгеттің астынан екі жерден тесіліп, ұзақ уақыт бойы аққан, салдарынан топырақ шайылып, үйінді отырған. Мамандарға жағдайды анықтау үшін бөгетке жабылған бетон плиталарды ашуға тура келді. «Қызылжар су» кәсіпорны жауапкершілікті алып, жұмысты толық атқарады. Мердігер компанияның кінәсі жоқ, — деді Бахтияр Бикенев.
Әкімдіктің мәліметінше, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бөгеттің 20 метрлік учаскесінде бетонды бөлшектеп алу туралы шешім қабылданды. Кейіннен жер үйіндісі мен бетон жабындысы қайта қалпына келтіріледі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде бөгет құрылысында еңбек еткен жұмысшылардың жалақы ала алмай жүргені туралы ақпарат тараған болатын. Оңтүстік өңірлерден келген жұмысшылар бірнеше ай бойы еңбекақысыз қалғанын айтып шағымданған еді. Салдарынан жалақы қарызы 140 млн теңгеге дейін жеткен.
Бұл мәселеге қатысты аудан әкімдігі жағдайдың шешілгенін хабарлады.
— Жұмысшылар тиісті еңбекақыларын толық алды. Бюджеттен мердігер компанияға қаражат уақытында аударылған. Алайда белгілі бір себептермен қаржы жұмысшыларға дер кезінде жетпеген, — деді Бахтияр Бикенев.
Бұған дейін СҚО-да су басуы мүмкін елді мекендерді қорғауға 105 шақырымдық 60 бөгет салынғанын жазған едік.