СҚО-да бораннан бірнеше елді мекен электр жарығынсыз қалды

Электр жарығы
Фото: pixabay.com

Солтүстік Қазақстан облысында боранның салдарынан бірнеше елді мекен электр жарығынсыз қалды. Кей аудандарда су да жоқ. Жауапты қызметтер апаттың салдарын жою мақсатында күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен, деп хабарлайды Kazinform.

Қызылжар ауданы Бескөл ауылында электр жарығы 18 қараша күні сағат 19.00 шамасында сөнді. Көп ұзамай су беру де тоқтатылды. Тек бүгін сағат 13.00-ге таман ғана жарық қосылды. Сумен қамту әзірге қалпына келген жоқ.

Қызылжар аудандық әкімдігінің мәліметінше, қолайсыз ауа райына байланысты негізгі магистральді электр тарату желісі істен шыққан. Салдарынан Бескөлде жылыту жүйесі тоқтатылды. Барлық қызмет күшейтілген тәртіпте жұмысқа кірісті. 

«Солтүстік-Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ мәліметінше, 18 қараша күні ауа райына байланысты СҚО аумағындағы қондырғыларда және желілерде бірнеше технологиялық бұзылу фактісі тіркелді. Жабысқақ қар мен қатты жел салдарынан электр тарату желілеріне мұз қатып, үзілді. Қазіргі уақытта бригадалар электр желілерін тексеріп, апат орындарында жұмыс істеп жатыр. «Аққайың ауданы, соның ішінде аудан орталығы Смирновода, М.Жұмабаев, Қызылжар ауданы, соның ішінде Бескөлде, Мамлют, Жамбыл, Есіл, Тимирязев, Шал ақын аудандарында электр қуаты болған жоқ.

М.Жұмабаев ауданында ең күрделі технологиялық бұзылу тіркелді. ВЛ-110 кВ «ПТЭЦ-2-Булаево-нефть» тірегі істен шығып, аудан толықтай электр қуатынан ажырап қалды. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Болған жағдайға түсіністікпен қарауға шақырамыз, бригадалар күшейтілген режим тәртібінде апат салдарын жойып жатыр», - деп жазды компания өкілдері әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Соңғы жаңалықтар