СҚО-да бір ауылдың 300-ге жуық қойы жоғалып, бес күннен кейін табылды

Солтүстік Қазақстан облысында Жарқын ауылы тұрғындарының 300-ге жуық қойы жоғалып, бүгін елді мекеннен шамамен 6 шақырым жерден табылды, деп хабарлайды Kazinform.

Қой
Фото: danaqaz

СҚО Тимирязев ауданы Жарқын ауылының тұрғындары 300-ге жуық қойынан 18 қараша күні айырылып қалған. Далада жүрген ұсақ мал сол күні соққан қатты бораннан ығып кеткен.

«Жарқын ауылындағы бір көшенің қойы. Боран басталып кетіп, тұрғындар қойларын таба алмай қалған. Қазір жан-жаққа хабар берілді, бәріміз жабылып іздедік. Полиция көмектесті. Міне, жаңада сүйінші хабар түсті, қойларды ауыл жігіттері тауып, айдап әкеле жатыр. Елді мекеннен 6 шақырымға ұзап кетіпті», - дейді Тимирязев ауылдық округінің әкімі Талғат Еслямов.

12 қараша күні СҚО Мамлют ауданындағы Коваль ауылынан еркін жайылымда жүрген 37 қой жоғалып кеткен. Малды иелері өз күшімен іздегенімен еш нәтиже болмаған. Олар аудандық полиция бөліміне жүгініп көмек сұрады. Мұнда да қазіргі уақытта полиция қызметкерлерінен, жергілікті тұрғындардан мобильдік топтар құрылды. Іздеу жүріп жатыр.

Жоғалған мал жайында қандай да бір ақпарат болған жағдайда, полицияның «102» арнасына немесе Мамлют ауданындағы полицияның кезекші бөліміне 8 (71541) 2-15-51 нөмірлері арқылы хабарласуға болады.