СҚО-да бір жыл ішінде азық-түлік бағасы қалай өзгерді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында инфляция мамырда жылдық есептеумен алғанда 9,2% көрсетті.
Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, баға өткен жылдың мамырынан биылғы мамырмен салыстырғанда, азық-түлік тауарларына 7%, азық-түлік емес тауарларға 6,9, ақылы қызметтерге 16,2% өсті.
Жыл ішінде жемістер 18,6%, кондитер өнімдері 12,7, тұздалмаған сары май 12, тоқаш және ұннан дайындалған кондитер өнімдері 10,4, балық және теңіз өнімдері 10,7, құс еті 5,5, қант 2,4% қымбаттаған.
Жармаларға баға 19% төмендеді. Ал күріш, керісінше, 31,8% қымбаттады. Алкогольді ішімдіктер бағасы 15,4% өссе, көкөністер 7,9%, соның ішінде қырыққабат 25,1% арзандаған, ал сәбіз 15,6, картоп 5,8, қызылша 4,1% қымбаттады. Өсімдік майының бағасы 19,4% түсті.
Бір жыл ішінде жеке басқа арналған бұйымдар, приборлар және тауарлар 14,3%, фармацевтикалық өнімдер 10,2, киім және аяқ киім 8,8, тұрғын үй-жайға қызмет көрсету және жөндеуге арналған материалдар 7,4% қымбаттады. Бензин бағасы да 1% өскен.
Бағалар амбулаторлық қызметтерге 12,8%, тұрғын үй-жайларға қызмет көрсету және жөндеу бойынша қызметтерге 11,9, демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласындағы қызметтерге 9,1, қонақ үй қызметтеріне 4,8% өсті. Шаштараз және жеке қызмет көрсету мекемелері қызметтерінің бағасы 17,5% қымбаттады.
Бұған дейін СҚО-да 42 сырқатқа жоғары технологиялық қымбат ота тегін жасалғанын жазған едік.