СҚО-да бір жыл ішінде қант пен жармалар арзандады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында инфляция тамызда жылдық есептеумен алғанда 9,1% құрады. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда азық-түлік тауарлары 6%, азық-түлік емес тауарларға – 8, ақылы қызметтер 14% өсті. 

Сахар Қант
Фото: Kazinform

Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаменттің мәліметінше, былтырмен салыстырғанда баға айтарлықтай өскен. Мәселен жас жемістер - 20%, жаңа ауланған немесе салқындатылған балық – 12, тоқаш және ұннан дайындалған кондитер өнімдері 7% қымбаттаған. Күріш бағасы - 27% өскенімен, жалпы жармалар 24% арзандап отыр.

Темекі өнімдері – 19%, алкогольді ішімдіктер – 13, алкогольсіз сусындар 7% қымбаттаған. Көкөністерге бағалар 9% өсті, соның ішінде қиярға – 36, картопқа – 29, сәбізге 6,3% артқан. Қант биыл 4% арзандады.

Бағалар жеке тұтынуға арналған тауарлар мен приборларға – 13, киім және аяқ киімге – 9, фармацевтикалық өнімдерге 9% өсті. Мотор майы - 12%, сұйытылған газ 9% қымбаттады.

Байланыс қызметтеріне баға 3% өсті, оның ішінен ұялы байланыс қызметтерінің құны бір жыл ішінде 21% артып отыр. Демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласындағы қызметтер - 7%, қоғамдық тамақтандыру орындарының қызметтері 12% қымбаттады. Шаштараз және жеке қызмет көрсету мекемелері қызметтерінің құнын 18% өсірді.

Бұған дейін Петропавлда оқу жылы басталғанда жергілікті университет ғимараты апатты деп танылғанын жазған едік.