СҚО-да бір жылда баға қалай өзгерді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жылдық инфляция 11% болды. Көкөністер арасында картоп бағасы бірден 74% өскен.

азық-түлік
Фото: Ұлттық статистика бюросы

Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, бір жыл ішінде азық-түлік бағасы — 8%, азық-түлік емес тауарлар — 12%, ал ақылы қызметтер 14% қымбаттаған. 

Азық-түлік бағасының жылдық өсіміне бірқатар өнімнің қымбаттауы әсер еткен. Мәселен, жұмыртқа бағасы бір жылда — 21,5%, кептірілген өрік 20%, шұжық өнімдері 20% жуық, тоқаш пен ұннан жасалған кондитерлік өнімдер 17,5% өскен.

Темекі өнімдеріне баға — 13% жаңа ауланған, салқындатылған балыққа -12%, құс етіне — 9%, макарон өнімдеріне — 6%, мұздатылған балыққа 3% қымбаттаған.

Көкөністердің жалпы бағасы 15% өскен. Оның ішінде ең жоғары өсім картопта — оның бағасы өткен жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 74% қымбаттаған. Сәбіз — 50%, қырыққабат — 35%, пияз 17% өскен.

Ал кей өнімдер, мәселен қияр бағасы бір жылда — 45%, алма — 26%, лимон 5% арзандады.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында тұрғын үйді жөндеуге және күтіп ұстауға қажетті материалдар — 17%, киім мен аяқ киім — 14%, тұрмыстық аспаптар — 14%, кеңсе тауарлары 12% қымбаттаған.

Автокөлік жүргізушілері үшін де баға өсімі байқалады, АИ-92 маркалы бензин -7%, дизель отыны 8% қымбаттаған.
Өткен жылмен салыстырғанда, биыл көмір құны 11% артты.

Мамандардың айтуынша, ең жоғары өсім ақылы қызметтер саласында тіркелді. Шаштараздар мен сұлулық салондарының қызметі бір жылда — 27%, демалыс және мәдениет саласындағы қызметтер — 20%, амбулаториялық қызметтер 13% өскен. Білім беру қызметтерінің құны 9% артқан.

Жалпы, инфляция деңгейі халықтың жеке тұтынуы үшін сатып алатын тауарлар мен қызметтер бағасының өзгеруі негізінде есептеледі. Тұтыну себетіне барлығы 537 тауар мен қызмет түрі кіреді. 

Осы жылдан бастап тұтыну бағалары индексін есептеуде азық-түлік тауарларының үлесі — 41,1%, азық-түлік емес тауарлардың үлесі — 28,4%, ал ақылы қызметтердің үлесі 30,5% болып белгіленген.

Бұған дейін Қазақстанда тұрғын үй бағасы бір жылда қалай өзгергенін жазған едік.