СҚО-да буллинг туралы хабарламағаны үшін үш мектептің директоры мен мұғалім жазаланды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында міндетін тиісті деңгейде орындамаған 524 ата-ана жауапкершілікке тартылды.

СҚО-да буллинг туралы хабарламағаны үшін үш мектептің директоры мен мұғалім жазаланды
Фото: Анатолий Белоног

Петропавлда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу және оған қарсы күрес шаралары жайында СҚО прокуратурада айтылды.

Өңірде балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтен қорғау, алдын алу және олардың құқықтарын қорғау мақсатында кешенді жоспарды іске асыруды көздеген, 40 пункттен тұратын өңірлік жол картасы бар. Петропавл мектептерінде буллингке қарсы күреске жасанды интеллект жұмылдырылған. Бейнебақылау жүйесі балалардың агрессивті мінез-құлқын анықтап, арнайы бағдарлама арқылы мәліметтерді мектеп әкімшілігіне жібереді

— СҚО-да елімізде алғашқылардың бірі болып қауіпті жағдайлар мен агрессияны нақты уақыт режимінде анықтай алатын «ақылды» видеосараптама жүйесі іске қосылды. Агрессия байқалған жағдайда бірден жауапты тұлғаларға хабарлама жіберіледі. Қазіргі таңда бұл жүйе қаланың жеті білім беру нысанына орнатылған. Алдағы уақытта бұл жүйемен облыстағы барлық мектепті қамту жоспарланып отыр, — деді облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов.

Прокурорлардың айтуынша, қалада және аудандарда құрамына қадағалау органы, полиция өкілдері, мектеп ұстаздары мен психологтар кірген мобильді топтар жұмыс істейді. Мамандар жыл басынан 2,3 мың отбасыны аралап, мұқтаждарға қажет көмек көрсетті. Міндетін дұрыс атқармаған 524 ата-ана жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, буллинг фактілері туралы хабарламағаны үшін 3 мектеп директоры мен 1 мұғалімге шара қолданылды.

Жиында мектеп оқушылары туралы жағымсыз ақпараттар таратқан Telegram-арналар да сөз болды

— Мұндай чаттардың бар екені туралы ақпарат түскеннен кейін, оларды бұғаттау бойынша дереу шаралар қабылданды. Тиісті хаттар министрлікке жолданды, нәтижесінде чаттар бұғатталды. Бірақ әзірге бұл чаттарды құрған адамдар анықталған жоқ, — дейді облыс прокурорының бірінші орынбасары Абу-Әли Саттар.

«Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы балалар отыратын 27 заңсыз контент пен бір telegram-арна бұғатталды.

Жалпы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша жасөспірімдер қылмысы 10,5% артып, 42 факті тіркелген. Балаларға қатысты қылмыстың 89-ы тіркеліп, бір жылда 43,5% өскен. Биыл бұл екеуі бойынша да көрсеткіш төмендеп отыр. Балаларды зорлау фактілері болмаған.

Бұған дейін Бас прокурор жасөспірімдер қылмысы көбейген өңірлерді атағанын жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар