СҚО-да былтыр қан айналым жүйесінің ауруларынан 900-ден астам сырқат қайтыс болды
СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісовтың айтуынша, былтыр скринингтік тексеру кезінде қан айналым жүйесінің аурулары бар 2092 адам анықталған. Олардың барлығы диспансерлік есепке алынды. Бұл өңірдегі осындай дерті сырқаттардың 4,4%.
«Атқарылып жатқан жұмыс нәтижесін беріп жатыр. Былтыр оның алдындағы жылмен салыстырғанда қан айналым жүйесінің аурулары бойынша өлім-жітім 14,4% азайды. 2021 жылдың 11 айында 1069 адам қайтыс болса, былтыр сәйкес кезеңде 908 сырқат көз жұмды.
Соның ішінде 30,5% - бас миы тамырларының зақымдануынан, 31,8% - жүректің ишемиялық ауруынан, 37,1% - асқынған миокард инфаркты, артериалдық гипертензия сияқты басқа аурулардан қайтыс болды», - дейді басқарма басшысы.
Облыстық кардиологиялық орталықта 24/7 режимімен ангиографиялық зертхана жұмыс істейді.
Былтыр қан айналым жүйесінің аурулары бойынша 85 тромболизис жүргізілген.
Бұдан басқа 3 мыңға жуық коронарография, коронарлық күретамырға 1064 стент қойылды, 82 баллондық ангиопластика жасалды.
70 мың сырқатты диспансерлік емдеп, дәрі-дәрмекпен қамтуға 1 млрд 87 млн теңге жұмсалған.
«Бұл салада да мәселе жоқ емес, облыста кардиологтар жетіспейді. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының кардиостандарттармен тиісті деңгейде жабдықталмауы кардиологиялық орталықтың дәрігерлері мен қондырғыларына үлкен салмақ салып отыр.
Ал кардиологиялық орталыққа қазіргі уақытта ангиографиялық қондырғы, мобильді цифрлық рентгенографикалық жүйе, жасанды қан айналдыру, кардиохирургиялық ота жасауға қажет наркоз және өкпені жасанды демалдыру аппараттары қажет», - дейді Құмар Күсемісов.