СҚО-да былтыр қылмыстық істер бойынша 151 млн теңге айыппұл салынған
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында соттар былтыр 947 адамға айыптау үкімін шығарса, 14 адамды ақтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында СҚО сотының қылмыстық істер бойынша сот алқасының төрағасы Ербар Қалиев өткен жылды қорытындылады.
Айтуынша, былтыр өңір соттарына 1281 адамға қатысты 1056 қылмыстық іс түскен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,2 %-ға аз. Судьялар 947 адамға айыптау үкімін шығарса, 14 адамды ақтап алды.
«Былтыр сотталған 947 адамның 319-ы бас бостандығынан айырылды. Олардың 198-і аса ауыр қылмыс жасағандар. Соттар жаза тағайындарда сыбайлас жемқорлық қылмыстар, жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар, әсіресе жас балаларға қатысты қылмыстарды, браконьерлікті мас күйдегі адамдар жасаған, ауыр зардаптарға әкеп соққан көлік қылмыстарын қатаңдатуға қоғамның пікірін және ел басшылығының ұстанымын ескеруі қажет. Сонымен бірге, ізгілендіру қағидаты ескерілуге тиіс, онша ауыр емес қылмыстар үшін жаза тағайындау кезінде бас бостандығынан айыруды сотталған адамды басқаша түзеу мүмкін болмағанда ғана қолданылады», - дейді Ербар Қалиев.
Былтыр сот қылмыстық істер бойынша жаза ретінде жалпы сомасы 151 млн 771 мың теңге айыппұл салған. Соның жартысына жуығы бойынша үкім былтыр орындалды.
«579 қылмыскерді сот бас бостандығынан айырмай, жазаның басқа түрлерін қолданды. Соның ішінде 87 сотталушыға айыппұл салынды, 48-і қоғамдық жұмыстарға тартылды, 443 адамның бостандығы шектелді, 1 сотталушы түзету жұмыстарына жегілді. 123 адамға қатысты 88 қылмыстық іс екі тараптың мәмілеге келуімен тоқтатылды», - дейді қылмыстық істер бойынша сот алқасының төрағасы Ербар Қалиев.