СҚО-да былтыр меланомадан 3 адам қайтыс болған
СҚО онкологиялық орталық емханасының меңгерушісі Марат Тұрғыновтың айтуынша, қазіргі уақытта өңірде меланома қатерлі ісігімен 141 адам диспансерлік есепте тұр.
2021 жылы - 28, былтыр 13 адамға бұл диагноз жаңадан қойылған. Ал жыл басталғалы 6 адам дәрігерлердің есебіне алынды.
«Меланома – бұл ең тез дамитын, бірақ сирек кездесетін қатерлі ісіктің бірі. Негізінен ол теріде пайда болады, адамдар оны қал екен деп, көбіне мән бермей уақытты өткізіп алып жатады. 2021 жылы обырдың осы түрінен үш адам, былтыр да үш сырқат көз жұмды. Биыл бір адам осы меланомадан қайтыс болды», - дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, СҚО-да диспансерлік есепте тұрғандардың 96-сы – әйел, 45-і – ер адам.
Тері меланома диагнозы көбіне 30-35 жастағыларға қойылады. Әйелдердің аяғына шықса, ерлердің арқасында пайда болады.
«Меланома негізінен қал-невустың орнында дамиды, тек 28-30% ғана таза теріде пайда болады. Қатер тобына кәсібіне байланысты күн астында жүретін адамдар, демалысын үнемі төмен географиялық ендікте – Түркия, БАӘ, Мысыр және Жерорта теңізі елдерінде өткізетіндер, ағза пигментациясы бұзылғандар, иммундық тапшылығы барлар және тері меланомасымен ауыратын туыстары барлар жатады. Бұдан басқа ұзақ уақыт гормоналды препаратты қабылдайтындар, мең-қалы үнемі механикалық зақым алатындар, 1,5 см үлкен немесе қара-қоңыр түсті қалы-меңі барлар және денесінде 50-ден астам түрлі меңі барлар да сақтанғаны жөн. Жүктілік және бала емізу кезінде де қауіп арта түседі», - дейді Марат Тұрғынов.
Алтын уақытты өткізіп алмау үшін дәрігер қал-меңнің түсі мен көлемін бақылауда ұстауға кеңес береді.
«Меланома кезінде невус тез үлкейе бастайды. Түсі, көлемі өзгеріп, ауырсыну, қанау, қышу пайда болады. Невустың үстіндегі түк түсіп, айналасы қызаруы мүмкін. Жақында пайда болған, пішіні өзгеше, шеттері біртегіс емес қалға да мән беру керек. Әдетте меланома кезінде лимфа түйіндері де ұлғая түседі. Осы белгілердің біреуі пайда болған жағдайда жедел түрде дерматологке немесе онкологке барып көріну қажет», - дейді Марат Тұрғынов.