СҚО-да былтыр жемқорлық туралы хабарлаған 7 адам сыйақы алды

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, былтыр өңірде сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 7 адамға жалпы сомасы 1 370 900 теңге сыйақы берілген.
Мамандардың айтуынша, сыбайлас жемқорлықпен күресте қылмыстық әрекет фактілері туралы хабарлаған адамдарды ақшалай көтермелеу жұмыстың пәрменді тетіктерінің бірі болып отыр.
Қазақстанда азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесі енгізілген. Оған сәйкес сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адам пара немесе келтірілген залал сомасы, не ұсынылған жеңілдіктер немесе көрсетілген қызметтер сомасына байланысты айыптау үкімі шығарылғаннан кейін пара сомасының 10 %-ын ала алады. Бірақ жоғарғы сыйақы 4 мың АЕК-тен, яғни 12 252 000 теңгеден аспауы тиіс.
Өңір тұрғындары сыбайлас жемқорлық фактілері туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 CALL-орталығына тегін қоңырау шалу арқылы немесе аумақтық департаментке хабарласа алады. Мемлекет сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғауға алады.