СҚО-да бюджет қаржысын жымқырған, пара беріп, алған 4 адамға сот үкімі шықты

Екі жасар өгей ұлын өлтірген Теміртау тұрғынына сот үкімі шықты
Фото: Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы және жеке кәсіпкер сотталды.

СҚО соты баспасөз қызметінің мәліметінше, оларға бюджет қаржысын ұрлады, пара берді және алды деген айып тағылған.

2022 жылдың қараша айында М.Жұмабаев ауданы білім бөлімінің басшысы Р. жеке кәсіпкер Т.-мен бірге бюджет қаражатын жымқырып, мемлекетке 7 млн теңге шығын келтірген. Бұл қаражат осы аудандағы 7 мектептің автоматтандырылған өрт дабылқаққыштарына ағымдағы жөндеу жүргізу үшін бөлінген.

Сондай-ақ Р. өзі басқаратын бөлімнің бас бухгалтері К.-мен 1 млн астам теңгені ұрлап, ішкі мемлекеттік аудит департаментінің аудит және қаржылық есеп бөлімінің басшысы О.-ға 650 мың теңге пара берген.

Сотталушылар Р., К., Т. өз кінәларын ішінара, ал О. толық мойындады.

Петропавл қалалық соты Т.-ның үш кішкентай баласының барлығын, О.-ның кінәсін толық мойындауын, К.-ның ауыратындығын, Р.-ның дертінен бөлек, мемлекетке пара сомасы мөлшерінде қайтаруын жеңілдететін жағдай деп есепке алды.

Ал Р.-ның антын бұзуы оның жазасын ауырлатты.

Сот үкім шығарарда мемлекетке келтірілген материалдық шығынның толық өтелуін де ескерді.

Нәтижесінде Сот аудандық білім бөлімінің экс-басшысына 88 млн 627 мың теңге, жеке кәсіпкерге 76 млн 127 мың теңге, бас бухгалтерге 21 млн 645 мың теңге, ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысына 26 млн теңге айыппұл түріндегі жаза кесті.

Сотталушылар өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Олар айыппұлды сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде төлеуі тиіс. Орындамаған жағдайда бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар