СҚО-да дәріханаларға қатысты толтырылған 16 хаттаманың 12-сін сот кері қайтарды
СҚО-да денсаулық сақтау ұйымдарындағы бүгінгі жағдай туралы брифинг өтіп, халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапасы, олардың уақытылы әрі толық жүргізілуі бойынша құрылған мониторингтік топтың жетекшісі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жетекшісінің бірінші орынбасары Нұрлан Жахин қатысты.
Нұрлан Жахиннің айтуынша, өткен аптаның сәйкес кезеңімен салыстырғанда, облыста сырқаттанушылар санының 2 есеге төмендеуі байқалады. Инфекция жұқтырғандарға арналған 470 орынның 25% және провизорлық 935 орынның 29% ғана қамтылған.
«Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесінде үш аптада провизорлық және инфекциялық стационарларға емдеуге жатқызу 9 есеге қысқарып, 271-ден 30 адамға жетті. Сондай-ақ жедел жәрдем шақырулары 2 есеге - 712-ден 350-ге дейін төмендеді. 26 тамыздан бастап 595 төсек-орыны - 190 инфекциялық және 405 провизорлық төсек-орын қысқарады», - дейді мониторингтік топ жетекшісі.
Облыста күн сайын дәрі-дәрмектерге және олардың бағасына мониторинг жүргізіледі. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде проблема жоқ. Бүгінгі күні стационарларда айлық қор бар.
Сонымен қатар, фармацевтикалық қызметті бақылау бойынша СҚО Полиция департаментімен бірге өңірдің дәріханаларына тексеріс ұйымдастырылды.
«Мониторинг нәтижесінде 2 млн астам теңгенің әкімшілік құқық бұзушылық туралы 16 хаттамасы толтырылды. Бүгінде оның 2-уі сотта қаралып жатса, 1 материал жұмыста, 12-сі қайтарылды. Оған себеп - қылмыстық іс-әрекет белгілерінің жоқ немесе бар екендігі туралы мәліметтердің ұсынылмауы», - дейді Нұрлан Жахин.