СҚО-да демалыс күндері мешіттер мен шаштараздар жұмыс істемейді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында демалыс күндері карантин шектеуі сақталғанымен, бұл жолы қоғамдық көлік жүретін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да демалыс күндері мешіттер мен шаштараздар жұмыс істемейді

СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, осы сенбі-жексенбі күндері өңірде карантин режимі аздап жеңілдетілмек. Яғни автобус қозғалысы шектелмейді, сондай-ақ қоғамдық моншалардың жұмыс істеуіне де рұқсат бар. Тек санитарлық талаптар сақталуы тиіс.

Алайда, азық-түлік, құрылыс материалдарын сататын сауда орындары мен дәріханалардан басқасының жұмысы уақытша тоқтатылады. Жұмысы шектелгендердің ішінде шаштараздар, сұлулық салондары, косметологиялық қызмет көрсететін орталықтар, фитнес-орталықтар, бассейндер, сауналар мен спорттық-сауықтыру орталықтары бар.

Демалыс күндері діни нысандар, білім орталықтары, түзету кабинеттері, аттракциондар жұмыс істемейді.

«Қазіргі уақытта карантин режимі біртіндеп жеңілдетіліп жатыр. Бірақ соған қарамастан халықты әлеуметтік арақашықтық сақтауға, маска тағып, өзінің және айналасындағылардың денсаулығын сақтауға шақырамыз», - дейді департамент мамандары.

СҚО-да 4 қыркүйектегі мәлімет бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырудың 3971 дерегі тіркелген. Оның 3915-і тәуір болды, бұл - 98%. 19 адам көз жұмды.