СҚО-да демалыс күндері полицейлер жоғалған үш жасөспірімді іздеп тапты
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда өткен демалыс күндері үш жасөспірім жоғалып, кезекші тәулік ішінде аман-есен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны «102» жедел арнасына хабарласып, сағат 19.00 шамасында қыдыруға кеткен жиенінің жоғалғанын айтқан. 9 жасар бала Қарағанды облысынан келген екен, Петропавлды дұрыс білмейді.
Жасөспірімді іздеуге ювеналды полицияның барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Бала жайында ақпарат патрульдер мен полиция посттарына таратылды. Сондай-ақ жасөспірімнің фотосы әлеуметтік желіде жарияланып, іздеу жарияланды.
Нәтижесінде сағат 22.00 шамасында Петропавл қалалық полиция басқармасы патрульді полиция батальонының рота командирі Сайран Сағдиев баланы Қазақстан Конституциясы-Парковая көшелерінің қиылысында байқап қалады. Жақын маңдағы № 391 модульді бекеттің полицейі Асылбек Жүсіпов екеуі жоғалған баланы аман-есен туыстарына тапсырды. Бала сырғанақ тебуге шығып, кейін үйге қайтар жолды ұмытып адасып кеткен екен.
Сол күні кешке қалалық полицияға балалардың жоғалғандығы туралы тағы бір хабарлама түсті. Жұмысшы кенті Добролюбов көшесіндегі үйден 11 және 13 жастағы ағайынды екі бала ешкімге айтпай кетіп қалған. Жасөспірімдерді іздеуге ювеналды полицейлерден басқа учаскелік инспекторлар, криминалды полицияның қызметкерлері шықты. Балалар келесі күні таңертең аман-есен табылды. Олар Жұмысшы кентінің шетінде тұратын таныс күзетші-қарияға барып қонған. Таңертең үйге қайтып келе жатқанда оларды полицейлер көрген.
Жалпы жыл басынан Петропавл қалалық полиция басқармасына жасөспірімдердің жоғалуына байланысты 9 өтініш түскен. Балалардың барлығы табылып, ата-аналарына табысталды.