СҚО-да диқандар биыл егістікті азайтып, майлы дақыл мен көкөніс алқабын ұлғайтпақ

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 4,4 млн га алқапқа дән егу жоспарланған, бұл былтырғыдан мың га аз.

Жиналған дәнді дақылдардың көлемі жағынан Жетісу облысы алғашқы төрттікте
Фото: Мұхтор Холдорбеков/Kazinform

Бүгін әкімдіктің кеңейтілген отырысында өткен жыл қорытындыланып, биылғы жоспар айтылды.

СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов ауыл шаруашылығы саласына тоқталды.

Айтуынша, биыл 3,3 млн га астық, 760 мың га – майлы дақыл, бұл былтырғыдан шамамен 86 мың га артық және өткен жылмен салыстырғанда 38 мың га артық - 392 мың га жемазық егу жоспарланған. Сондай-ақ картоп алқабы 2,2 мың га ұлғайып, 9,7 мың га, көкөністер алқабы 0,5 мың га ұлғайып, 1,5 мың га егілмек.

- Былыр жақсы өнім алынды, алайда бидай пен арпа бағасы түсіп кетті, былтыр 60 мың теңге болса, биыл 50 мың теңгеден алынып жатыр. Ал майлы дақылдар бағасы керісінше шамамен 10 % өскен, тоннасы 190-200 мың теңге тұрады. Мұның бәрі ескеріліп, майлы дақылдар алқабы ұлғайтылуы тиіс. Бұл шаруашылықтардың кірісін екі есе арттырады. Алайда өнімді сату, дақылдың әркелкі пісуіне байланысты техниканы тиімді қолдану және жергілікті зауыттарды шикізатпен қамту мәселесін шешу қажет, - деді Марат Тасмағанбетов.

Жақсы өнім алу үшін агротехнологияны сақтау қажет. Былтыр диқандар шамамен 257 мың га минералды тыңайтқыш енгізді, биыл оның көлемін 333,5 мың тоннаға жеткізбек.

Көктемгі егіске 470 мың тонна тұқым әзірленді.

- Былтыр 49,1 мың тонна элиталық тұқым себілді. Осылайша тұқым 10,1% жаңартылды. Биыл 52,5 мың тонна жоғары өнімді тұқым қолданылмақ, нәтижесінде элиталық тұқымның үлесі 11,2% жетеді. Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы мамандары «Семеновна» атты бидайдың сапалы жаңа сортын шығарды. Биыл бұл кәсіпорын фермерлерге 10 түрлі элиталық сорттың 10 мың тоннасын беруге әзір, - деді Марат Тасмағанбетов.

Қазіргі уақытта өңірде аттестациядан өткен 35 тұқым шаруашылығы бар.

Бұған дейін астық базалары 2024 жылы өнім қабылдау көлемін екі есеге арттырғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар