СҚО-да екі қаржы пирамидасы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр

тергеу
Фото: pixabay.com

Солтүстік Қазақстан облысында «Chia Tai-Tianqing Pharmaceutical» және «Qnet» қаржы пирамидаларынан 100 адам зардап шекті. Қазіргі уақытта сотқа дейін тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

СҚО бойынша экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, күмәнді операцияларға ақша салатын азаматтардың саны жылдан жылға артып келеді. Биыл департамент Hermes Ltd қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесі бойынша материал жинап, сот үкімі шықты. 15 адам зардап шеккен, олар 15 млн 600 мың теңге салған.

Қазіргі уақытта «Chia Tai-Tianqing Pharmaceutical» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұл ұйым биылғы қаңтар мен сәуір аралығында ел аумағында жұмыс істеген. «Сhia Tai-Tianqing» инвестициялық компаниясының ұйымдастырушылары әлеуметтік желі арқылы салымшы тартып отырған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында СҚО аумағында бұл қаржы пирамидасына 27 адамның жалпы саны 22 млн 700 мың теңгеден астам ақша салғандығы анықталды. Сондай-ақ «Qnet» қаржы пирамидасының өңірлік бөлімшесі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Полицияның бұрынғы қызметкерлері Малайзияда тіркелген «Qnet» халықаралық компаниясының филиалын ашып, әрекет еткен. 

СҚО тұрғындары «Qnet» компаниясының тәуелсіз өкілі ретінде тіркелу және саяхатшы картасын сатып алу үшін 600-ден 800 мың теңгеге дейінгі мөлшерде, сондай-ақ кеңсені жалға алу үшін 40 мың теңгеден жарна төлеуге тиіс болған. Алаяқтарға 73 адам 82 млн теңге ақшаны беріп қойған. Финмониторинг агенттігінің деректері бойынша, Қазақстандағы қаржы пирамидаларының құрбандары әдетте 31 жастан 60 жасқа дейінгі адамдар. Зардап шеккендердің жалпы санның 74%-ы жұмыс істейді, 62%-ының жоғары білімі бар. 

 

Соңғы жаңалықтар