СҚО-да екі заңды тұлғаның ғана пиротехникалық өнімді сатуға лицензиясы бар
Солтүстік Қазақстан облысында «Пиротехника» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында заңсыз саудадағы пиротехникалық өнімдерді анықтауға, айналымнан алуға, дұрыс сақтау мен пайдалануға қатысты рейдтер ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды Kazinform.
СҚО полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Құрман Мусиннің айтуынша, «Пиротехника» профилактикалық іс-шарасы 25 желтоқсан басталып, 3 қаңтарға дейін созылмақ. Рейдтер СҚО төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірге ұйымдастырылады.
«Пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату анықталған жағдайда кінәлілерге 25 АЕК мөлшерінде немесе 86 250 теңге айыппұл салынады.
Қазіргі уақытта СҚО-да екі заңды тұлғаның ғана отшашуларды сатуға лицензиясы бар. Олар: «Петропавловск-Салют» және «KMD HOLDING» ЖШС-лері. Біреуі К.Сүтішев көшесі, 55, екіншісі М.Жұмабаев көшесі, 91 мекенжайында орналасқан», - дейді Құрман Мусин.
Былтыр полицейлер мен азаматтық қорғаныс органдары өкілдерінің бірлескен іс-шараларында 18 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. 939 пиротехникалық өнім тәркіленіп, 689 мың теңгенің айыппұлы салынды.
Пиротехниканы пайдаланғаннан зардап шеккендер болған жоқ.